Мейіргерлер күніне орай, Түркістан қаласында «Мейіргер қызметін дамытудың инновациялары мен перспективалары» атты халықаралық форум өз жұмысын бастады. Маңызды жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихаттың депутаты Алмас Салимов, облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, 19 өңірдің денсаулық сақтау басқармаларының басшылары мен оқу орындарының ректорлары, ғалымдар мен халықаралық сарапшылар қатысты.
Форумда мейіргерлердің қалтқысыз қызметі мен олардың жұмысын жандандыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар, мейірбикелердің рөлін және мәртебесін арттыру, кәсіби білім беруді дамыту, кадрларды даярлау мен біліктілікті арттырудың жаңа үлгілерін енгізу мәселелері талқыланды.
– Медицинаның сапасын көтеру, осы салаға қолдау көрсету – біздің басым бағыттарымыздың бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр облыста 55 денсаулық сақтау нысанының құрылысы қолға алынды. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек ғимараты пайдалануға берілді. 2023 жылы облыс 75 жедел жәрдем көлігімен қамтылды. Санавиация қызметі 15 жедел жәрдем көлігімен толықты. 2024 жылы медициналық ұйымдарға 8,8 млрд. теңгеге 574 дана заманауи құрал-жабдықтар сатып алынды. Бүгінгі форумда айтылған маңызды ұсыныстар, идеялар медицина саласының дамуына серпін береді деп сенемін. Демографиясы жоғары Түркістан өңірінде денсаулық сақтау саласын дамытудың маңызы өте зор. Біз ұсыныстарға ашықпыз және халықтың денсаулығын жақсарту бағытындағы ұсыныстарды қолдаймыз. Халықаралық мейіргерлер күнімен тағы да құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, ұзақ өмір тілеймін! – деді Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров.
Форумның ашылуында сөз сөйлеген ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мейірбике қызметін дамытудың денсаулық сақтау саласындағы ұлттық басымдықтар тұрғысынан маңызды екенін атап өтті.





